030009, Ақтөбе, "Ақжар-2" тұрғындар алабы, 451"а" Mailto: aktobe-sh45@mail.ru aktobe.sh45@gmail.com

Телефон (факс): +7 (7132) 251-601

Басып шығару

Сәт сапар саған, жас түлек!

Автор: математика пәнінің мұғалімі Ауханова А. Posted in Мерекелік іс-шаралар

images2015 жылдың 25 мамыр күні «Ақжар-2» елді мекеніндегі №45 орта мектебінде дәстүрлі күміс қоңырау соғылды. Бұл коңырау жыл сайын соғылған қоңыраудан ерекше болатын, себебі № 45 орта мектеп «Ақжар-2» елді мекенінде бой көтерген алғашқы мектеп десек, биылғы мектеп бітіруші түлектер сол мектептің тарихында орны ерекше ең алғашқы түлектері болмақ.

Жадырай шыққан күн шуағын мектеп ауласына ерте төгіп, мерекеге сай безендірілген мектеп ауласын ерекше сәнге бөлеп тұр. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр. Қимастық пен қуаныш сезімдері араласқан, осынау сәтте шәкірттіктің соңғы қадамында тұрған жас түлектерді класс жетекшісі қазақ тілі және әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі А.Ермахановамен салтанатты кеш ортасына шақырылды. «Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты жиынына келген кеш қонағы Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлігі мемлекеттік мекемесінің басшысы Алдияров Нагымжан түлектерге сәт сапар, ақ жол тіледі.

Сондай-ақ үлкен өмір белесін аттағалы тұрған мектеп түлектеріне ата-ана қауымымен бірге 1 класс бүлдіршіндері құттықтау сөздерін жолдады. Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Д.Джолдасбаева өзінің құттықтау сөзінде мектеп түлектеріне жылы лебіздерін білдіріп, «Алтын белгі» аттестатына үміткер Г.Бадиеваға және «Үздік аттестат» үміткерлері А.Қуанышеваға, Г.Ізбасароваға, Қ.Шамшадиноваға алдағы болатын ҰБТ-дан үздік нәтиже көрсетіп, мектеп ұстаздарының сенімін ақтауға тілек білдірді.

Осы сәтте 1-10 класс оқу озаттары Мақтау грамоталарымен марапатталды. Жиын барысында мектеп түлектері мектеп вальсін билеп, ән шырқап, білім берген ұстаздарына алғыстарын жыр шумақтарымен жеткізді. Шәкірттерін өмір кемесіне шығарып салғалы тұрған класс жетекшісі А.Ермаханова алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Салтанатты жиынның соңғы сәтінде мектеп түлектері өздерінің арман - тілектерін шарға жазып, көк аспанға ұшырды. Жас түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Бұл соңғы қоңырау балалықпен қоштасу, үлкен өмірмен қауышу үні болды.

«Сыңғырла, соңғы қоңырау» деп мектеп түлектерін қимастықпен жаңа өмір баспалдағына шығарып салды. Сәт сапар саған, жас түлек!