030009, Ақтөбе, "Ақжар-2" тұрғындар алабы, 451"а" Mailto: aktobe-sh45@mail.ru aktobe.sh45@gmail.com

Телефон (факс): +7 (7132) 251-601

Басып шығару

«Туриада – 2015»

Автор: Байтақов Е. М. on . Posted in Дарынды бала

2015 жылдың 29-30 қыркүйек  күндері халықаралық туристер күніне орай «Достық» лагерінде мектеп оқушылары арасында «Туриада – 2015» жарысы өтті. Қаланың 16 мектебінен сайдың тасындай іріктелген 13-16 жас аралығындағы оқушыларды «Достық» лагері құшақ жайып қарсы алды. Шараның өтуіне мұрындық болған «Қалалық жас туристер стансасы» да туристік үйірмеге қатысатын оқушылардан құралған командаларын жарысқа қосты. №45 орта мектебінен  жарысқа 7-8 сынып оқушыларынан құралған «Қыран» командасы қатысты.        


 

 

Жалпы жарыс бірнеше турды қамтыды. Бірінші турда командалар алты кедергіден топ болып өтті. Алғаш қатысып отырған «Қыран» командасы үшін бірінші турдың кедергілері өте қиынға соқты. «Көбелек» кедергісінен өту кезінде оқушылар қатты қиналғанмен, табандылық танытып, кедергілердің барлығын артта қалдырды. Бірінші тур аяқталған соң  оқушылар далалық жағдайда тамақ әзірлеуге кірісті. Қолда бар материалдармен  ошақ жасап, қауіпсіздік шараларын сақтай отыра өз қолдарымен ас әзірлеп, тамақтанды.

Келесі сайыс өнер сайысы болатын. Шарты бойынша әр командадан өздерін таныстырып, бір туристік ән орындау талап етілді. Біздің «Қыран» тобының оқушылары өнер сайысына қатысып, берілген шарттарды орындады. Өнер сайысынан кейін оқушылар үшін  кешкі ұйқыға дейін би кеші  ұйымдастырылды.  Оқушыларды қызықтырғаны  түн ортасындағы сынақ еді. Шырт ұйқыда жатқан  оқушылардың бөлмесіне оқыстан келген төреші 2 минуттың ішінде бір ағашқа  барлық команда болып мініп кетуді тапсырды. Бұл «Түнгі тосын сый» атты  сайыс түрі болатын. Тосын сыйдан кейін  түнгі суыққа қарамастан команда капитандары сайысқа түсті. Қолшаммен қаруланған біздің  команда  лидері  Сабаргереев Темірлан сайыс нәтижесінде 7 орынға ие болды.

            Жарыстың екінші күні командалар сәл шаршағандықтарын жасыра жарыс жолына шықты. Екінші турдың шарты бойынша  әр топ мүшелері алдарына қойылған қағаздарды бөлісіп алып, сол қағазда берілген тапсырманы орындауы тиіс. Біздің командамыздағы Тасмағанбетов Дамирге түскен тапсырма өте қиын болып, ол тапсырманы ұзақ орындады.

            Екі күнге жалғасқан туристік сайыс қорытындысы бойынша №45 орта мектептің «Қыран» командасы фотоконкурста екінші орынға ие болды.

            Жалпы жарыс кезінде оқушылардың алған әсерлерінің өте керемет екені олардың көздерінен байқалып тұрды. Оқушылар жаңа достар тауып, таза ауада тынығып, жақсы көңіл күймен бір-бірімен қоштасып жатты. Елімізде кенже қалып отырған спорттық туризмді болашақта дамытатын азаматтар осы оқушылардың  арасынан шығатынына сеніміміз мол.