030009, Ақтөбе, "Ақжар-2" тұрғындар алабы, 451"а" Mailto: aktobe-sh45@mail.ru aktobe.sh45@gmail.com

Телефон (факс): +7 (7132) 251-601

Басып шығару

Менің жетістігім – мектебімнің мерейі

Автор: № 45 орта мектептің 5 «Б» класс жетекшісі Ильясова Айнаш Суинхановна. Posted in Марапаттаулар

images«Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деп ел президенті айтпақшы, қазіргі бәсекеге қабілетті қоғамда ұстаздар қауымының алдында үлкен жауапкершілікті міндет тұрғаны айқын. Жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру жолындағы бала жанының бағбаны класс жетекшілердің алар орны ерекше. Өзінің міндетін орындауда уақытпен санаспайтын класс жетекшінің еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі орасан зор. Осы бағытта Ақтөбе қаласының білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитеті ұйымының ұйымдастыруымен қазіргі қоғамдағы тәрбиенің рөлін арттыру, жалпы орта білім беру жүйесіндегі тәрбие үрдісін жетілдіру, педагогикалық қызметкерлер құзырлылығын дамыту мақсатында қалалық «Үздік класс жетекші-2014» байқауы ұйымдастырылды.

imagesАталған байқауға өз мектептерінің абыройын арқалаған 31 класс жетекші қатысып, өз тәжірибелерін ортаға салды. Байқау екі кезеңнен тұрды. І кезең байқауға қатысушылардың шығармашылық жұмыстарын, сыныптан тыс тәрбие іс-шараларының сценарийлерін, ғылыми-әдістемелік басылымдарын зерттеу мақсатында портфолиосын тексеру болды. ІІ кезеңде байқауға қатысушылар өзін-өзі таныстыру және кластың тәрбие жүйесін мультимедиялық презентациялап, педагогика және психологияның теориясы мен әдістемесі білімдерін тексеруге арналған тестілеуден өтті. Екінші күні «Адам деген ардақты ат» тақырыбында панорамалық сабақ өткізіп өздерінің шеберліктерін көрсете білді. Байқау шарттары бойынша байқауға қатысушыларға І, ІІ, ІІІ, ІV орындар, номинациялар және қатысқаны үшін арнайы сертификаттар тапсырылды.

imagesМен де өз мектебімнің сенімін арқалап осы байқауға қатысып, бақ сынаған болатынмын. Байқау нәтижесінде ІІІ орын иелендім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Осындай жетістікке жетуіме қолдау көрсеткен мектеп ұжымына, мектебіміздің басшысы - Абзал Амантайұлына, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары - Құрманай Базарбаевнаға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да мектебіміздің мәртебесін көтеру жолында, биік белестерді бағындырар шәкірттер тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етемін деп сенім білдіремін.

imagesАқын Мағжан Жұмабаев «Бала тәрбиесі - бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деген екен. Олай болса бұл байқау класс жетекшілер үшін тәжірибе алмасуға негізделген жақсы мүмкіндік болды. Бір-бірімізден тәрбие саласына қатысты тың тәжірибелермен сусындап, жеке тәжірибемізге озық тәжірибе қоса білдік. Бұл да болса класс жетекші ізденісінің, шығармашылығының жетістігі деп білемін. Еліміздің білім ордаларындағы әрбір класс жетекшінің еңбегіне сәттілік, шығармашылық жұмыс және шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ете берулеріне тілектестігімді білдіремін.